Шымкентте түрмеге бірнеше телефонды алып өтпек болған жүргізуші ұсталды

Дәурен Ерболат

Күдіктінің мұндай әрекетке неге барғаны анықталып жатыр

Фото: polisia.kz

Шымкентте түрмеге телефондарды жасырын өткізбек болған жүргізуші анықталды, деп хабарлады Polisia.kz.

5 қыркүйекте Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД-ның жедел бөлімшесі және №55 мекеменің жедел бөлімі бірлескен жедел іс-шараларды ұйымдастырды. Нәтижесінде сол күні №55 мекемесінің бекетінде «ГАЗель» тексерілді. Ол түзету мекемесіне бояу жабдықтарын және ағаш өнімдерін жеткізген.

Жүк көлігінен бояу құйылған ыдысқа жасырылған 4 телефон, 5 қуаттағыш, кесілген ағаш ішіне салынған 3 телефон және 1 қуаттағыш табылып, тәркіленді, - деп жазылған хабарламада.

Тексеру жүргізіліп жатыр. Жинақталған іс-құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін Төле би аудандық полиция басқармасына жолданды.