Елімізде жаңа оқу жылында 55 мың орындық 39 жаңа мектеп ашылды
Биылғы оқу жылын 150 мыңнан астам мектеп оқушысы жаңартылған ғимараттарда бастады. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, 2023-2024 оқу жылында барлығы 260 білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өтеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңадан 1000 пән кабинеті ашылады. Сондай-ақ шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда орналасқан 1000 мектеп жаңартылады. Елімізде жаңа оқу жылында 55 мың орындық 39 жаңа мектеп ашылды. 194 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін 132 мың орындық 154 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептердің мәселесін шешеді, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Оның аясында 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салынбақ. Мемлекет жыл сайын мектеп салу мен жаңғыртуға қаржы бөліп келеді. Соңғы үш жылда 340 мың орындық 626 мектеп пайдалануға берілді.