Газбен жылыту станциялары мен 3-ЖЭО алдағы жылыту маусымында іске қосылады
Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде есеп берілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жеңіс Қасымбек барлық негізгі экономикалық көрсеткіш бойынша оң динамика байқалатынын айтты. Атап айтқанда, биылғы 7 айда инвестиция көлемі 9,2 пайыз ұлғайып, 678,5 миллиард теңгеге жеткен. Сондай-ақ ол жыл соңына дейін жалпы сомасы 87 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланғанын, оның 15 жобасы өңдеу өнеркәсібі саласында іске асатынын жеткізді.
Бұған қоса әкім қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандар құрылысының барысын баяндады. Газбен жылыту станциялары мен 3-ЖЭО алдағы жылыту маусымында іске қосылады деп жоспарланып отырғанын және олар сағатына 1 мың 100 Гкал жылу беретінін айтты. Бұл елордада жылу энергиясына деген сұранысты артығымен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сондай-ақ қалада әлеуметтік нысандар салу (мектептер, жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үйлер, медициналық орталықтар), ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау, апатты жағдайдағы және ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жоспарланған. Биылғы оқу жылында Астанада 11 мектеп салынбақ, оның төртеуі қазір жұмыс істеп тұр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 90 мыңға жуық оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында бой көтермек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, жылыту маусымына дайындығына және абаттандыру жұмыстарына қатысты бірқатар тапсырма берді.