Ақтауда жаңадан салынып жатқан үйдің екі қабаты опырылып түсті (ВИДЕО)
Нысанды салушы компания – Caspian Mega Construction ЖШС
Ақтау қаласында жаңадан салынған үйдің екі бірдей қабаты опырылып түсті, деп хабарлады Lada.kz.
Плиталар құлаған жерде жұмысшы жатқан. Ол бетон плитасының құлауынан бірнеше минут бұрын ғана бөлмеден шығып кеткен екен.
Міне, мынау менің бөлмем. Тура осы жерде жаттым. Құжатым, барлық затым осы жерде еді. Бетон түбіне дейін құлады. Сатыларымды жиыстырып, жаңа ғана шығып кетіп едім. Әне, көрпе-төсек, бәрі кетті», - дейді видео авторы.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, төтенше жағдай 3 қыркүйекте 29А шағын ауданында салынып жатқан ғимаратта болған. Алайда осы уақытқа дейін техникалық қадағалау қызметінен ешқандай ақпарат келмеген. Нысанды салушы компания – Caspian Mega Construction ЖШС.
Компания сәулет-құрылыс басқармасынан барлық құжатты алған. Құрылыс жұмыстарын бастау туралы ескерту қағазы да бар. Оқиға орнына бас мемлекеттік құрылыс инспекторы барған. Кейін құрылыс материалдарының жобаға және мемлекеттік нормативтерге сәйкестігін тексеруге шешім қабылданды.
Сапасыз материалдар қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстары дұрыс жүргізілмеген сияқты. Плитада көлденең немесе қиғашынан жарылған жері болғанға ұқсайды. Содан жоғары плита құлап, төменгі плиталарды қиратқан», - дейді басқарма мамандары.