×

Батыс Қазақстан облысының әкімі Сурдлимпиада жүлдегеріне пәтер берді

Дина Ержанова Батыс Қазақстан облысы бойынша Сурдлимпиада ойындарынының тұңғыш жүлдегері атанды

 Дастан Жұмабекұлы 12.05.2022 | 09:47
Фото: gov.kz

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарында жүлдегер атанған Дина Ержановаға бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

Дина дүбірлі додада сурдо дзюдодан 52 келі салмақта қола жүлдегер атанып, ел қоржынына алғашқы медаль салған болатын. «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиевтің айтуынша, ол 2004 жылы Ақтөбе қаласында туған. Қазір Орал қаласына жақын жердегі Мичурин ауылында тұрады. 2018 жылдан бері облыстық мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубында жаттығып келеді.

Кездесуде өңір басшысы облыс спорты тарихында Сурдлимпиада ойындарында тұңғыш рет жүлде алған спортшы қызға жерлестері атынан алғыс айтып, бұдан да зор табысқа жетуіне тілектестігін білдірді. Осы жерде ол еліміздің көк байрағын көтеріп, әнұранын ойнатқан балуанға бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

Кездесуге облыс спортының басшысы Қаймен Есендияров пен облыстық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының директоры Әскербек Нұрмұханов пен Дина Ержанованың жаттықтырушысы Теміржан Хасанғалиев қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама