2 айда белгісіз індетке 4 мыңға жуық ірі қара мен 1700 бас қой-ешкі шалдыққан
Ақмола облысының Еркіншілік ауылында 1 ай ішінде 3 мыңнан аса төрт түлік ауырып, 200 бас мал арам өлген. Алайда 2 ай бұрын елордаға сараптамаға жіберілген сынаманың талдау нәтижелері әлі келмепті.
Енді ауыл тұрғындары дереу індеттің емін таппаса, мал ауруы адамға жұғуы мүмкін деп алаңдап отыр. Олардың айтуынша, басында аузынан көбік ағып, тұра алмай жатқан ірі қараның саны аз болған. Кейін кесел дендеп, 3 мыңнан астам мал көтерем болып қалған. Тұрғындардың айтуынша, ветеринарлардың қолында қажетті дәрі-дәрмек жоқ. Тіпті малдарға 4 айдан бері мемлекеттен бөлінетін екпе де салынбаған.
Қазір жұрт 159 адамның үйін кепілдікке қойып, бар малды несиеге сатып алғандарын, енді шығынға шаш етектен батып қалғандарын айтып, дабыл қағып отыр. Мысалы, шаруа қожалығының жетекшісі Байжігіт Мұсаұлының өзі «Даму» бағдарламасы бойынша 3 миллион, ал баласы 9 миллион теңге несие алған.
Тұрғындардың айтуынша, ауылда бір айда өлген 200 бас малдың өлексесін ветеринарлар алысқа емес, тура ауыл іргесіне апарып тастапты. Соның салдарынан жұрт қолқаны қапқан иіске тұншығып отырған көрінеді.
4 мың бас сиырдың мың басы көшенің ішінде жүр. Ал оның аузынан сілекейі ағып, ауырып жатыр. Жанында балалар ойнап жүр. Ол балаларға ауру жұқпасына кім кепіл? Сүт ішіп, ет жемесек, онда біз аштан өлуіміз керек пе?! Халықтың 70 пайызы малмен отыр, - деп ашынды тілшілерге сұхбат берген ауыл тұрғыны Бекзат Серікбай.
Жергілікті ветеринарлар болса, індет нақты анықталмайынша, емдеу шарасын жүргізе алмайтындарын алға тартып отыр. Айтуларынша, алғашқыда зертханаларда диагностикум болмаған. Сондықтан алынған сілекейді ешкім тексере алмапты.
Жалпы алғанда, бұл аймақта соңғы 2 айда белгісіз індетке 4 мыңға жуық ірі қара мен 1700 бас қой-ешкі шалдыққан. Алайда ветеринарлар жағдай ушыққан Еркіншілікте карантин жариялауға да асығар емес.