«Ең азы 48 мың теңге: үш жүзден астам қазақстандықтың несиесі кешірілді
Жалпы осы күнге дейін 65 мыңға жуық адам банкроттыққа өтініш тастаған
Несиесін төлей алмай жүрген 302 адам «банкрот» деп танылды. Олардың жалпы берешегі 708 млн теңгеден асады. Яғни, орта есеппен әрқайсысы банкке 2 млн 300 мыңдай қарыз.
«Бірінші кредиттік бюро» орталығының дерегінше, ең көп қарыз көлемі – 106 млн теңге. Өтініш алматылық тұрғыннан түскен. Ал ең аз мөлшердегі қарыз Қарағанды облысының тұрғынына тиесілі. Оның 48 мың теңгесі кешірілді.
Жалпы барлық өңірде «банкрот» деп танылған азаматтар бар. Қарызы кешірілгендердің көбі – Алматы қаласынан. Одан кейін Қарағанды, Алматы облысы тұрғындарының өтініші көбірек мақұлданған. «Банкрот» деп танылғандардың ең үлкені – 64 жаста. Ең жасы – 23-те. Жалпы осы күнге дейін 65 мыңға жуық адам банкроттыққа өтініш тастаған. Оның 50 мыңнан астамының өтініші кері қайтарылған.