Мемлекет басшысы отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін нығайтудың маңыздылығына назар аударды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы күштері бас штабының шұғыл кеңесін өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл тойтарыс – 2023» оқу-жаттығу жиыны өтетін жерге келген соң, бас штабтың алдыңғы шептегі басқару пунктін аралап көріп, шұғыл кеңес өткізді. Бас штабтың бастығы, генерал-лейтенант Марат Құсайынов жалпы ахуалды баяндады. Содан кейін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бейнебайланыс режимінде еліміздің қорғаныс әлеуетін арттыру үшін әзірленген шаралар туралы баяндама жасады. Ал әскер түрлерінің бас қолбасшылары және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, сондай-ақ Абай облысының әкімі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушы өздеріне жүктелген міндеттердің орындалу барысын баяндады.
Кеңесте президент армияны жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтасыз ету қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін нығайтудың маңыздылығына назар аударды.