Қызылордада география пәнінің мұғалімі оқушыларға арналған платформа әзірледі
Ол «Әлемді таны. Серік ағаймен бірге оқы» деп аталады
Қызылорда облысының Қармақшы ауданы Төретам кентінің №80 мектеп-лицей мұғалімі Серік Ниязов мемлекеттерді танып-білудің инновациялық бағдарламасын жасап шығарды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне қарағанда, платформа барлық заманауи талаптарға сәйкес жасалған. Бұл – мемлекеттік тілдегі бірден-бір платформа.
Жобаның басты жаңалығы – сабақта оқушы жаңа сабақтың мазмұнын толық ашу үшін түрлі сала бойынша ақпараттарды пайдалана отырып, ресурстарды жүйелеп және оны әдістемеге қосуы қажет. Бағдарлама педагогикалық идеяны инновациялармен іске асыруға мүмкіндік береді, – деді платформа авторы.
Платформаның аты да ерекше. Ол «Әлемді таны. Серік ағаймен бірге оқы» деп аталады. Оны пайдалану арқылы оқушылар пәндік олимпиадаларға, ҰБТ-ға дайындала алады. Қазір жаңа платфоромаға жаңартылған мазмұн бойынша елдерді тану деректері енгізіліп жатыр.