Жау шебін басып алу үшін тактикалық іс-қимыл жүргізілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында «Батыл тойтарыс – 2023» әскери оқу-жаттығу жиынына қатысты, деп хабарлады Ақорда.
Президент – Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиыны өтті.
Мемлекет басшысы оқу-жаттығу жиынын бақылау мұнарасынан тамашалады. Әскери әдіс-тәсілдер көрсетер алдында Қасым-Жомарт Тоқаевқа генерал-майорлар Болат Жорабаев пен Алмаз Жұмакеев қорғаныс операциясы кезіндегі Арнаулы операциялар күштері мен десанттық-шабуылдау әскерлерінің әрекеті жөнінде баяндады.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бригадалық-тактикалық топтары авиацияның қолдауымен, сондай-ақ құрлық әскерлері және арнаулы операциялар күштерінің бөлімшелерімен бірлесе отырып, судан өту арқылы қарсы жағалаудағы жау шебін басып алу үшін тактикалық іс-қимыл жүргізді.
Арнаулы операциялар күштері мен Ұлттық ұлан бөлімшелері шартты жау қолына өткен Қапшағай ГЭС-ін азат етті. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері техногендік апат салдарын жоюмен айналысып, халыққа гуманитарлық көмек көрсету міндетін атқарды.
Қарулы күштердің бас штабы әзірлеген бірыңғай жоспар мен мақсатқа сәйкес, әскерлер оқу-жаттығу жиыны өтетін аудандарға стратегиялық тұрғыда қайта топтастырылды.
Атап айтқанда, әскери-теңіз күштері авиацияның және арнаулы операциялар күштерінің қолдауымен Каспий теңізі акваториясындағы экономикалық қызмет нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарындағы полигондарда да осындай оқу-жауынгерлік міндеттер орындалды.