Halyq Uni логотип
×

Шымкентте кейуана өзінің жерлеу рәсіміне жинаған ақшасын алаяққа жем қылды

Алаяқ дәл осы жолмен тағы 2 егде жастағы тұрғыннан қомақты қаражат алып кеткен

 Динара Амантай 05.09.2023 | 14:47
Шымкентте кейуана өзінің жерлеу рәсіміне жинаған ақшасын алаяққа жем қылды
Фото: Halyq Uni

Шымкентте 95 жастағы зейнеткер өзінің жерлеу рәсіміне жинаған қаржысын алаяқтарға беріп қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Әл-Фараби аудандық ПБ-ға белгісіз адамның қарт тұрғынды алдап, 1 миллион теңгесін алып кеткені туралы хабарлама түскен. Жәбірленушінің тұрғылықты жеріне барған жедел-тергеу тобы анықтағандай, ол «апатқа ұшыраған» немересінің операциясы үшін қолындағы барлық жинап-терген қаражатынан айырылған. Жәбірленушіге бейтаныс ер адам хабарласып, туысының ауыр халде екенін, оны тек қымбат операция ғана құтқара алатынын жеткізген. Алаяқтың сөзіне сенген зейнеткер өзінің жерлеу рәсіміне және табытына жинаған ақшасын үйіне келген курьерден беріп жіберген.

Іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер бейнебақылау камераларының көмегімен ақшаны алуға келген адамның жеке басын анықтады. Ол сауда нүктелерінің бірінің 30 жастағы менеджері болып шықты. Қосымша табыс көзін ғаламтор желісінен тапқан екен.

Ол онлайн түрде алып отырған нұсқаулықтар бойынша әрекет етіп, мекенжайлардан алынған қолма-қол ақшаны белгілі бір банк шоттарына аударып отырған. Курьер қызметі үшін 100 мың теңгеге дейін төлемақы алған, – дейді Әл-Фараби адандық ПБ тергеушісі Абылайхан Молдабек.

Полицейдің айтуынша, ұсталған азаматтың телефонын тексеру нәтижесінде оның басқа да соған ұқсас жайттарға қатысы бар екені анықталды. Дәл осы жолмен ол тағы 2 егде жастағы тұрғыннан қомақты қаражат алып кеткен.

Аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама