Газбен жүретін 700-ге жуық көліктің иесі жауапқа тартылды

Дәурен Ерболат

10 мыңнан аса адамға түсіндіру жұмысы жүргізілді

Фото: kolesa.kz

Қазақстанда газбен жүретін 700-ге жуық көліктің иесі жауапқа тартылды, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, 3 күн бойы «Газбаллон» профилактикалық іс-шарасын өткізеді.

ІІМ, ТЖМ қызметкерлері, көліктік бақылау инспекциясы республика жолдарында және көлік тұрақтарында 600-ден аса рейд жүргізіп, газбен жүретін көліктердің қауіпсіздігін тексерді. Нәтижесінде 679 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 10 мыңнан аса адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді, оның 6 мыңы – жүргізуші, - деді ТЖМ ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Айта кетейік, өрт қауіпсіздігіне сәйкес өзге мақсаттағы кіріктірілген және оларға жапсарлас салынған ғимараттарда, сондай-ақ жер деңгейінен төмен орналасқан автотұрақтар, жабық үлгідегі үй-жайлар мен паркингтерге газбен жүретін көліктерді қоюға рұқсат берілмейді.