Өнімге бақылауды күшейту керек
Қазақстанда вейпке толық тыйым салу мәселені шешпейді. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында қоғам белсенділері айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тиімсіз тыйымдарға қарсы жарияланған петицияға 100 мың адам қол қойған. Петицияның бастамашысы, Tastau.qaz қоғамдық қозғалысының өкілі, қоғам белсендісі Татьяна Фоминова бұған Үкімет пен Парламент міндетті түрде назар аударуы керек деген ұстанымда.
Оның айтуынша, кейбір мүдделі тарап (лоббистер) Қазақстанда вейпке (никотинді электронды жеткізу жүйелері) толық тыйым салу керек деген мәселені көтерген. Осылайша, олар балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына «қамқорлық» танытпақ.
Қоғам белсендісінің пікірінше, дауыс берген 100 мыңнан аса қазақстандық көлеңкелі экономика үлесінің артуына және тиімсіз тыйымдарға қарсы.
Елімізде жасөспірімдерге электронды темекі сатуды (вейп) шектеуге тиімді механизмдер қарастырылған. Тек осы механизм дұрыс жұмыс істегенін қадағалап отыру керек. Өйткені бұл өнім жасөспірімдер мен жастарға арналмаған. Ол тек темекіге балама ретінде ересектерге арналған. Сондықтан дамыған елдердің үлгісіне сүйеніп, кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі сатуды қадағалайтындай, вейптерді сатуға да бақылауды күшейту керек. Оларды сатуға тыйым салу жұмыс істемейді, - деді Татьяна Фоминова.
Ол вейптерге тыйым салу Денсаулық сақтау министрлігі мен жекелеген депутаттар тарапынан көзбояушылық екенін ашық айтты.
Ашығын айтсақ, тыйым контрабанданың, сапасы күмән тудыратын өнімдер саудасының өсуіне, сондай-ақ никотинді өнімдердің сатылуына бақылаудың болмауына алып келеді. Петицияға 100 мың адам қол қойды. Демек, бұл қоғамның тыйымнан шаршағанын көрсетеді.
Вейптерге тыйым салу бастамашыларының темекі өндірушілердің мүддесі үшін жұмыс істейтіні анық деп ойлаймыз. Вейперлердің басым бөлігі ақыр аяғында темекіге қайта оралатыны түсінікті. Мысалы, былтыр билік түтінсіз қыздырылған темекіге акцизді көтерген кезде, тек бір өндірушіде темекі сатылымы бірден 25%, ал екіншісінде 30% өсті. Осы өндірушілер вейптерге тыйым салынғанын қуана күтіп отырғанын айтпаса да түсінікті», - деді қоғам белсендісі.
KazSpirits қауымдастығының басшысы, белсенді Дмитрий Жуков кәсіби қауымдастықтар бірнеше жылдан бері вейптерді сатуды заң деңгейінде қатаң реттеуді ұсынғанын атап өтті. Алайда жекелеген министрліктер бұл бастамаға қарсы болған. Салдарынан кәмелетке толмағандар арасында вейптер жаппай таралған.
Контрабанданың өсуіне жол бермеу және жасөспірімдер арасында вейптердің таралуын болдырмау үшін 2021 жылы вейптерге техникалық реттеу енгізуге тырыстық. Сол кезде осы темекі тартуға қарсы қоғам белсенділері Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен бірлесіп, бұл бастамаға қарсы шыққан еді. Олар мұндай заң тек ЕАЭО деңгейінде әзірленуі керек деген пікірде болды, - деді Дмитрий Жуков.
Оның пікірінше, бизнес жасөспірімдер арасында вейптердің таралуына қарсы шаралар уақытында көтерілгенде бұған мән бермеген.
«Енді міне, мәселе одан сайын ушығып жатыр. Миллиондаған темекі тартушының мүддесіне қарсы шығып, оларға таңдау жасауға мүмкіндік бермей, жаппай тыйым салуды талап етіп отыр. Мұнда саяси себептер де бар шығар. Бірақ бір нәрсе түсініксіз. Неге бұл мырзалар біреудің, оның ішінде темекі компанияларының тікелей мүддесін бірінші орынға қояды? Бұл тыйым адамдардың денсаулығы үшін күрес деген желеумен ұсынылып жатыр», - деді қауымдастық басшысы.
Еске сала кетсек, Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау оқушыларға электронды темекілер мен вейптерді сатпауды ұсынған еді.
Бұған дейін елімізде вейпке толық тыйым салынатыны хабарланған.
Қазақстан Үкіметі вейпке толығымен тыйым салу туралы шешім қабылдады, - деп жазған еді депутат әлеуметтік желідегі парақшасына.