Алматы мен Қытайдың Шаньдун провинциясы ынтымақтастық жөнінде уағдаласты
Мегаполис пен ҚХР арасындағы тауар айналымы биылғы 7 айда 4,4 млрд АҚШ долларына жетті
Алматы мен Қытайдың Шаньдун провинциясы ынтымақтастық жөнінде уағдаласты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала әкімі Ерболат Досаев пен Шаньдун провинциясы Қытай Компартиясының хатшысы Линь У машина жасау, жаңа технология, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту мәселесін талқылады. Линь У хабарлағандай, Шаньдун мен Алматының ортақ тұстары көп. 100 миллионнан астам халқы бар Қытай провинциясы ҚХР-да экономиканың көлемі бойынша үшінші орында.
Линь У машина жасау, ауыл шаруашылығы, «Еуропа-Азия» бағытындағы контейнерлік пойыздарды қамтамасыз ету саласындағы бірлескен жобаларды, сонымен қатар, Шаньдун мен Алматы арасындағы жастардың тәжірибе алмасуына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Ерболат Досаев атап өткендей, Алматы мен ҚХР арасындағы тауар айналымы биылғы 7 айда 18,5% артып, 4,4 млрд АҚШ долларына жетті. Алматыда Қытай капиталы тартылған 1,5 мыңнан астам, ал Қазақстанда 2 мың 650 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қала басшысының айтуынша, жыл басынан бері туристер саны 5 есе артты. Әрі бұл көрсеткіш өсіп келеді. Алматы ШЫҰ-ның мәдени астанасы болып жарияланып, қалада жаңа туристік өнімдер жасалып жатыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге келісті.