Туыстары оны таба алмаған
ШҚО-да полиция орманда адасып кеткен 83 жастағы әйелді іздеді, деп хабарлады Polisia.kz.
Ол орманға саңырауқұлақ теруге барып, адасып кеткен.
2 қыркүйекте кешке бір тұрғын Самар аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімінен 83 жастағы әжесінің жоғалып кеткенін айтып, көмек сұраған. Арызданушының айтуынша, олар туыстарымен бірге саңырауқұлақ теру үшін орманға барған. Алайда кейуананы көзден таса қалдырған. Отбасы әйелді бірнеше сағат іздеген. Нәтиже болмағасын полицияға хабарласуға мәжбүр болған.
Полиция іс-қимыл жоспарын құрып, орманда жоғалған 83 жастағы әйелді іздеуге кіріскен. Бір сағаттан соң егде жастағы әйел аман-есен табылды. Немересі әжесін тауып берген полицейлерге алғыс айтты.