Таиландтық құтқарушылар Пхукет аралы маңындағы теңізден 18 жастағы Қазақстан азаматының денесін тауып алды
Таиландтық құтқарушылар Пхукет аралы маңындағы теңізден 18 жастағы Қазақстан азаматының денесін тауып алды. Мұның алдында полиция оны ресейлік деп қателескен болатын. Бұл жайында сол провинцияның туристік полициясы Facebook-те жазды, деп хабарлады ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Пхукет туристік полициясы жұма күні аралдың солтүстігіндегі Най Янг жағажайына жақын жерде әлдебір шетелдік турист із-түзсіз кеткенін хабарлады. Билік оны ресейлік турист болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Іздестіру-құтқару операциясы сол күні басталды, бірақ ауа райының қолайсыздығына, яғни теңіздегі күшті толқындар мен жаңбырға байланысты тоқтатылды.
Таиландта сәуірден қарашаға дейін созылатын жаңбырлы маусымда туристердің теңізге кету жағдайлары жиілейді.
Демалушылар теңізде үлкен толқындар пайда болып, жағажайда қызыл жалау көтерілсе де, билік пен құтқарушылардың суға түспеу туралы ескертуіне жиі мән бермейді.
Дәл жаңбырлы маусымда Таиландта кері ағындар әсіресе жиі кездеседі, олар тіке жағаға жүзуге мүмкіндік бермейді, сондықтан құтқарушылар қауіпті аймақтан біртіндеп шығып, құрлыққа параллель оңға немесе солға жүзуді ұсынады.