Halyq Uni логотип
×

Петропавл тұрғыны көпқабатты үйдің пәтерінде 23 жыл бойы катер құрастырған

Оны 5-қабаттан кранмен бөлшектеп түсіруге тура келді

 Еркеғали Болатұлы 03.09.2023 | 12:36
Петропавл тұрғыны көпқабатты үйдің пәтерінде 23 жыл бойы катер құрастырған
фото: Евгения Осташконың жеке мұрағатынан

Петропавл қаласының тұрғыны Евгений Осташко ұзындығы 5 метрден асатын су көлігін жасап жатыр. Ол үшін өз пәтерін цехқа айналдырған, деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.

Евгений Осташко су көліктеріне бала кезінен құмар. Бұл – оның өз қолымен жасаған алтыншы туындысы. Қария осыдан 23 жыл бұрын оны пәтерінде құрастыра бастаған. Ал жақында сыртқа шығарды. Тек бесінші қабаттан кемені кранмен бөлшектеп түсіруге тура келген.

Бөлмемнің ұзындығы – бар болғаны 6 метр. Ал мына қайық болса, 5 метр. Барлық жиhазды жертөлеге шығарып тастадым. Осылайша қолда бар материалмен құрастырдым. Жиырма жылдан астам уақыт пәтерде тұрды. Қазір бөлмем әжептәуір кеңейіп қалған секілді. Жалпы, бұл қайықты жасап жатқанымды көбі білмеді, - дейді Евгений Осташко.

Қазір шебердің туындысы 80 пайыз дайын. Оны журналдағы сызбаларға қарап құрастырған. Сәтін салса, көктемде құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Қырлап-сырлап, арнайы қозғалтқыш орнатпақ.

Демалыс күндері табиғат аясында уақыт өткізу үшін таптырмас көлік. Жағада шатыр құрып әуре болмайсың, 6 адамға арналған жатын орны бар. Әрі бұл кеме 1,5 метрлік толқынға қарсы жүзе алады. Болашақта сынақтан өткіземін. Сол күнді асыға күтіп жүрмін, - дейді қала тұрғыны.

Евгений Осташко бұл кемесін «Славия 2000» деп атады. Ол келер жылы су айдынына шығарылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама