Шетелдік банктер келсе, несие пайызы төмендей ме?

Дәурен Ерболат

Олар да нарық заңына бағынады

Фото: Halyq Uni

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанға шетелдік банктердің келуі несие нарығына қалай әсер ететініне пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол елімізде жаңа шетелдік банктердің жұмыс істеуі мүмкін екенін айтып қалды.

Әңгіме Ресей сияқты көршілес елдердің банктері туралы болып тұрған жоқ. Олар (банктер) – Еуропа мен Араб елдерінен, - деді басшы Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң.

Мәдина Әбілқасымова «Шетелдік банктер Қазақстанның қаржы нарығына кірсе, несие пайызы қаншалықты төмендеуі мүмкін?» деген сұраққа жауап берді.

«Депозиттердің де, несиелердің де пайыздық мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеге байланысты қалыптасады. Депозиттен де, несиеден де қосымша табыс табу үшін банктерге базалық мөлшерлеменің деңгейін ұстау керек. Сондай-ақ банктер активінің 30%-ынан кем емес мөлшерде жоғары ликвидті актив ұстауға тиіс. Бұл салымшылар аяқ астынан активтерді жаппай шешіп алған жағдайға керек. Сондықтан база факторы – негізгі фактор.

Тіпті, жаңа банк келсе, ол да базалық мөлшерлемеге қарап бағдар ұстайды. Яғни, экономикадағы ақшаның құнына қарайды. Шетелдік банктер келіп, біздегіден басқа мөлшерлемелермен несие береді деп күту... Ол бұлай жұмыс істемейді. Экономикадағы ақшаның құны деген бар. Олар базалық мөлшерлеме құнына байланысты, - деді агенттік төрағасы.