Қырғызстанда президенттің көзінше ұлттық ойын төбелеске ұласты (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

Мемлекет басшысы трибунада отырып, басын шайқап, ештеңе істей алмаған

Фото: видеодағы кадрдан біріктірілген

Қырғызстанның Ош қаласындағы атшабарда көкбөріден президенттің кубогы үшін өткен жарыс төбелеске ұласты. Финалда Ош облысының «Достық» пен Талас ауданының «Ынтымақ» командалары кездесіп, төрешілердің шешіміне қарсы шықты.

Төрешілер жеңісті таластық командаға берген. Бұған Оштың жанкүйерлері ашуланып, көкбөрінің соңы төбелеске ұласып кетті. Осының бәрі трибунада көкбөріні тамашалауға келген президент Садыр Жапаровтың көзінше болған. Мемлекет басшысы трибунада отырып, басын шайқап, ештеңе істей алмаған. Оның түрі шаршаңқы көрінген.

Кaktus.media порталының хабарлауынша, көкбөрі ойнындағы төбелестен кейін 25 адам Ош қаласының милициясына жеткізілген. Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиевтің айтуынша, тәртіпсіздік 5-10 адамның кесірінен болған. Олар жеңілген команда мен жанкүйерлерге төрешілердің шешімі дұрыс болмағанын айтып, арандатқан.

Төбелестен бірнеше адам ауыр жараланып, бірнеше көлік зақымданған. Қазір кінәлілер іздестіріліп жатыр. Олар табылса, тергеу болуы мүмкін. Бұл туралы осы оқиғаға байланысты МҰҚК-нің төрағасы арнайы жасаған мәлімдемесінде айтты.

Осы күні көкбөрі ойыны басталмас бұрын Ош қаласында президент Садыр Жапаровтың қатысуымен Тәуелсіздік күніне арналған іс-шара болған еді. Оған Қырғыз Республикасының экс-президенттері Роза Отунбаева мен  Сооронбай Жээнбеков те қатысқан.