Тоқаев Өзбекстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Президент екі елдің ынтымақтастықты нығайта беретініне сенім білдірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевті және Өзбекстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Президент Өзбекстан басшысына жолдаған жеделхатта көрші елдің халқын ұлттық мерекесімен құттықтай отырып, екі елдің Орталық Азияның тұрақтылығы мен игілігі үшін ынтымақтастықты нығайта беретініне сенім білдірді.
Біздің халықтарымыздың түпкі мүдделерін, ғасырлар бойғы достық және тату көршілік дәстүрлерін негізге ала отырып, қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі нығайтуға басымдық беремін. Біз ортақ күш-жігерді біріктіре отырып, бауырлас халықтарымыздың өркендеуі және Орталық Азияның тұрақтылығы мен игілігі үшін көпжақты ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін іске асыра алатынымызға сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетсек, Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігін 1991 жылы 1 қыркүйекте жариялаған болатын. 1992 жылы 8 желтоқсанда қабылданған Конституциясы бойынша, президенттік басқару нысанасындағы зайырлы мемлекет. Президенті 5 жылға сайланады. Жоғары заң шығарушы органы (Олий Мәжіліс) – қос палаталы. Ол Заң шығару палатасы (төменгі палата) және Сенат (жоғарғы палата) болып бөлінеді. Атқарушы органы – Министрлер кабинеті. Әкімшілігі жағынан бір автономиялық республикаға (Қарақалпақстан Республикасы) және 14 облысқа бөлінеді.