Қазақстан мен Түркия қауіпсіздік мәселесіне мән берді

Дастан Жұмабекұлы

Түрік Республикасы 1990-жылдардың басынан бері Қазақстанның Қарулы күштеріне өтеусіз негізде әскери мүлік беріп жатыр

Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрік Республикасына мемлекеттік сапары аясында еліміздің Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Түркияның Қорғаныс министрі Хулуси Акармен кездесті.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, кездесуде екі ел арасындағы екіжақты әскери ынтымақтастықты реттейтін бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Сонымен қатар генерал-полковник Руслан Жақсылықов Түркия Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің орталығында болды.
Бұдан басқа сапар аясында Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы Түркия Республикасының Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлумен кездесті.

Бауырлас елдер 1991 жылдан бері әскери ынтымақтастықты нығайту мәселесімен айналысып келеді.

Түрік Республикасы 1990-жылдардың басынан бері Қазақстанның Қарулы күштеріне ұйымдастыру техникасын, картографиялық жабдықтарды, байланыс құралдарын, жүріп өту мүмкіндігі жоғары автомобильдерді қоса алғанда, өтеусіз негізде әскери мүлік беріп жатыр. Сонымен бірге әскери білім беру саласында Түркияның әскери училищелерінде курсанттарды оқыту ға, Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілерін түрлі оқу орталықтарында даярлауға баса мән беріп отыр.  Оған дәлел ретінде 2020 жылы Түркияда қазақ жастарына «киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша оқыту үшін квоталар бөлінгенін айтуға болады. Ал Қазақстан өз кезегінде, былтыр алғаш рет түрік әскери қызметшілерін Ұлттық қорғаныс университетінің базасында оқытуды ұйымдастырды. Келіссөздер барысында осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыру туралы ынтымақтастыққа шешім қабылданды.