×

Атырауда төрт шекарашының үйіне тінту жүргізілді

Алғашқы тінту 5 мамырда жүргізілген

 Айнұр Асылбекқызы 11.05.2022 | 15:21
көрнекі фото: Halyq Uni

Атырауда заңсыз балық аулаушыларға қамқоршылық таныту дерегі бойынша төрт шекарашының үйіне сот санкциясымен тінту жүргізілді. Бізге жеткен ақпаратқа сәйкес, олардың төртеуі де күдікті ретінде жауапқа тартылып отыр. Олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша шекара қызметінің 3-дивизионында жұмыс істейді. Олар кезекшілік ететін стационарлық бекет қала маңындағы Дамба ауылында орналасқан.

Алғашқы тінту 5 мамырда жүргізілген. Екі шекарашы – контрактілік қызметтегі әскери қызметшілердің бірінің Дамбыдағы үйінен қызыл балықтың бір бөлігі табылған. Сатып алынғанын дәлелдейтін құжат болмай шықты. Екіншісінен қаладағы Береке ықшамауданындағы үйден екі қап сазан балығы, 1 млн 330 мың теңге көлемінде ақша және жұмыс орнында сақталуға тиіс құпия құжаттар мен қызметтік құжат табылған. Соның бірі – құпия сақталуға тиіс, теңізде шекара аймағын қорғау мақсатында қозғалатын шекара катерінің навигациялық журналы.   

Екі күдікті де катер командирі – бас старшина және 2-кластағы старшина.

Істі қазір Ішкі істер министрлігінің әскери тергеу басқармасының атыраулық тобы жүргізіп жатыр. Атырау облысы бойынша әскери прокуратурадағылар бұл іске қатысты Halyq Uni тілшісіне кейінірек пікір беретінін хабарлады. 

6 мамыр күні тағы да екі шекарашының үйінде тінту жүргізілгені белгілі болды. Олар да жоғарыда аталған екі күдіктімен бірге бір департаментте жұмыс істейді. Олардың үйінен ештеңе табылмаған, бірақ олар да браконьерлерге қамқорлық таныту дерегі бойынша күдікті ретінде қарастырылып отыр.

Еске салсақ, 1 сәуір мен 1 маусым аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында «Бекіре-2022» балық қорғау акциясы өтіп жатыр.  

Екі айлық акция барысында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдарының және ҰҚК шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, табиғат заңнамасының сақталуын қадағалайды. Акция кезінде батыс өңірінің үш облысында 1632 қызметкер, соның ішінде Атырау облысында – 874, Батыс Қазақстан облысында - 248, Маңғыстауда -510 қызметкер жұмыс істейді. Олар 92 қайық және шағын жүзу құралдарымен, 285 автокөлікпен қамтамасыз етілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама