«Билеттер сатылмайды» деген әңгіме шыға келді, - деді пародист
Ресейдің белгілі пародисі Максим Галкин Қазақстанда жоспарланған концертінің болмайтынын айтты. Бұл туралы ол «Голос Галкина» telegram-арнасында ескертті.
Оның айтуынша, Қазақстандағы концертке жасырын тыйым салынып отыр.
Концертке билеттер сатыла бастаған еді. Содан кейін «билеттер сатылмайды» деген әңгіме шыға келді. Енді неге екені белгісіз, концертке мүлдем тыйым салыныпты. Мен Қазақстанды азат, еркін ел деп ойлайтын едім. Қателескен екенмін, – деді ол.
Максим Галкин мен оның зайыбы атақты әнші Алла Пугачева Ресей Федерациясының басшылығын Украинаға басып кіргені үшін сынап, Израильге көшіп кеткен. Қазір Галкиннің отбасы осы елдің Герцлии қаласының Питуах ауданында тұрып жатыр. Бұл ауданда дәулетті адамдар тұрады.
Былтыр қыркүйек айында Ресей Федерациясының әділет министрлігі оны шетелдік агент деп таныған.