Шымкентте танысы соққыға жыққан тұрғын көз жұмды

Динара Амантай

Күдікті марқұмның 47 жастағы танысы болып шықты

Фото: Halyq Uni

Шымкентте төбелестің салдарынан ер адам қайтыс болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 25 тамызда кешкі уақытта Тұран аудандық ПБ-ның «102» арнасына Тельман шағын ауданынан жергілікті тұрғынның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы барды.

40 жастағы ер адамның мәйітін қарау кезінде әртүрлі дене жарақаттары анықталды. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі («Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша тіркеді, – делінген хабарламада.

Күдікті ұсталды. Ол марқұмның 47 жастағы танысы болып шықты. Белгілі болғандай, ер адамдар арасында төбелес шығып, күдікті қарсыласын талдырып тастап, кетіп қалған.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.