Ол жансақтау бөлімінде жатыр
Шымкентте 3 жасар бала қолын электрлі еттартқышқа салып жіберген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
№3 қалалық ауруханасында ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері баланың қолын электрлі еттартқыштан босату үшін бірегей операция жүргізді.
Ауруханадан 112 құтқару қызметіне 3 жасар баланың қолын электрлі еттартқыштан босату керек деген ақпарат түскен.
Дәрігерлер оның қолын шығарып ала алмаған. Сондықтан құтқарушылардың көмегі керек болған.
Ата-анасының айтуынша, олар электрлі еттартқышпен жұмыс істеп жатқанда бала соның жанында болған.
Құтқарушылар бірегей операцияны дәрігерлермен бірлесіп жүргізді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері апаттық-құтқару құралымен еттартқышты мұқият кесіп, баланың қолын босатқан. Бұл сәтте балаға наркоз беріліп, ол ұйықтап жатқан.
Қазір 3 жасар бала №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасындағы реанимация бөлімінде жатыр.
Құтқарушылар ата-аналарға сақ болуға, тіпті баланы 1 секундқа да назардан тыс қалдырмауға кеңес береді.