Қостанай облысында көбік кешіндегі жағдайдан соң екі шенеунік қызметінен босатылды

Халық үні

Қыздың жағдайы өте ауыр

көрнекі фото: Halyq Uni

Қостанай облысында көбік кешінде қыз баланы тоқ соққаннан кейін аудан әкімдігінің екі жауапты қызметкері жұмыстан босатылды, деп жазады nur.kz.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысында көбік кешінде 9 жасар қызды тоқ соққан болатын. Оның жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, аталған іс-шараны аудан әкімдігінің тапсырысымен жеке кәсіпкер ұйымдастырған. Қайғылы жағдайдан кейін полиция тергеу жүргізіп жатыр. Оның нәтижесінде кінәлілер анықталатын болады.

Бұған дейін облыс әкімі бұқаралық іс-шаралар кезінде барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін айтқан болатын. Қайғылы оқиғаға байланысты Ұзынкөл ауданының әкімі тиісті бақылаудың жоқтығы үшін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар әкімдік тарапынан шараны ұйымдастыруға жауапты аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшысы қызметтерінен босатылды, - деп хабарлады облыс әкімдігі nur.kz тілшісіне.

Айта кетсек, зардап шеккен қыздың ата-анасы президент пен Денсаулық сақтау министрлігіне үндеу жасап, қалаға білікті дәрігерлерді жіберуді сұрады. Өйткені қызды басқа қалаға тасымалдау мүмкін емес болған. Денсаулық сақтау министрлігі 29 тамызда Астана Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығы және Жедел медициналық жәрдем ұлттық үйлестіру орталығымен телемедицина сессиясы өткенін хабарлады.

30 тамызда Астанадан республикалық мамандар (реаниматолог, нейрохирург) бетпе-бет кеңес алу және баланың жағдайын бағалау үшін өңірге ұшып барған.