Видеолардың адам өміріне қауіп төндіретіні айтылған
Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі ел аумағында TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау туралы шешім қабылдады.
«Кабар» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, министрліктің атына бірқатар үкіметтік емес ұйымнан TikTok желісінің балалардың психикалық дамуы мен денсаулығына теріс әсер ететіні туралы шағым түскен. Онда TikTok-тағы видеолардың адам өміріне қауіп төндіретіні, жасөспірімдердің еліктеп, қауіпті оқиғаларды қайталауға тырысатыны, олардың өлімге әкеліп соғуы мүмкін екені айтылған.
Осы өтініштерді ескеріп, мониторинг негізінде Қырғызстан аумағында TikTok сервисін тарату қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды, – делінген министрліктің хабарламасында.
Бұл шешім Қырғыз Республикасының заңнамасы шеңберінде одан әрі іске асыру үшін елдің Цифрлық даму министрлігіне жіберілген.