Halyq Uni логотип
×

Ауыр атлет Уланов сот арқылы 20 млн теңге сыйақысын өндіріп алды

Мұндай шешімді Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы шығарған

 Дастан Жұмабекұлы 30.08.2023 | 12:55
Ауыр атлет Уланов сот арқылы 20 млн теңге сыйақысын өндіріп алды
Фото: olympic.kz

2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиялық ойындардың жүлдегері Денис Уланов қола медалі үшін ақшалай сыйақы алатын болды.

Қазақстан спортшылары одағының хабарлауынша, мұндай шешімді Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы шығарған.

Ауыр атлет 2016 жылғы Олимпиадада төртінші орын алып, медальға сәл ғана ұпайы жетпей қалған еді. Бірақ оған қола жүлдегер румыниялық спортшы Габриэль Сынкрэян допинг қолданғаны үшін жазаланған соң, үшінші орын берілді. Осы қола жүлдесі үшін ол тиісті сыйақысын алу керек еді. Сол үшін Мәдениет және спорт министрлігіне өтініш берген. Алайда ведомство «төлемдерді қайта қарауға негіз жоқ» деген себеппен өтінішін қараудан бас тартты. Осыдан кейін зілтемірші барлық жағдайды түсіндіріп, ақшалай сыйлықты алу үшін министрлікпен соттасты. Спортшы Олимпиадада алған төртінші орны үшін 30 мың доллар (шамамен 13,9 млн теңге), ал үшінші орын үшін 45 мың доллар (тағы 20 млн теңге) алуға құқылы болған.

2023 жылғы наурыз айында Мәдениет және спорт министрлігі Улановқа төленген төлемдер туралы мәлімдеме жасады. Бірақ бірнеше ай өтсе де ол тиісті ақшасын ала алмады. Содан кейін Жоғарғы соттың шешімінен кейін ғана спортшы ақшалай сыйақысын алды.

Қазақстан спортшылары одағының төрағасы Азамат Қарлығашевтің айтуынша, қазір дәл осындай жағдайды бірнеше белгілі спортшылар да бастан кешіп отыр. Мысалы, Ольга Рыпакова, Дәулет Шабанбай, Нұрбақыт Теңізбаев секілді үлкен жарыстарда еліміздің намысын қорғаған азаматтар да өз сыйақысын ала алмай жүр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама