Тоқаев Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтады
Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі, – деді президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтады.
Құрметті отандастар! Сіздерді Конституция күнімен құттықтаймын! Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз, – делінген құттықтауда.
Одан әрі президент жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституцияның ұлтты ұйыстырудың нағыз символына айналғанын, Ата заңның елдің саяси жүйесін демократияландыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістердің берік тұғыры саналатынын айтты.
Конституциялық Соттың құрылуы – осындай институционалды реформаның бірі. Бұл құрылым азаматтардың құқығы мен бостандығы қорғалатынына әрдайым кепілдік беретін Ата заңымыздың рөлін мейілінше арттырды. Жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін Конституция қағидалары қатаң сақталып қана қоймай, қоғамның сана-сезіміне біржола орнығуға тиіс. «Адал азамат» деген атқа лайық әрбір адам Ата заңның биік мұраттарын қолдайтынына және оны өмірлік ұстанымына айналдыратынына нық сенімдімін, – деді мемлекет басшысы.
Президент құттықтауда баршаға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тіледі.