Тараз сервис және технологиялар колледжінің директоры сотталды
Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды
Тараз сервис және технологиялар колледжінің директоры сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, кеше Тараз қаласының №2 соты «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жабдықтарды жеткізуді іске асыру кезінде 47 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін жеткізуші компанияның екі өкіліне және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін Тараз сервис және технологиялар колледжінің директорына қатысты үкім жариялаған.
Сот үкімімен колледж директоры ҚР ҚК 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағы («Ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану») бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Жеткізуші компанияның екі өкілі ҚР ҚК 189-бабының 2-тармағы 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде ұрлау») бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылып, қаржы ұйымдарында 5 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды, - делінген пркуратура хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін бұл қаражат жымқыру фактісін Жамбыл облысының прокуратурасы білім беру саласында бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығын тексеру барысында анықтаған болатын.