Азаматтар қолданыстағы заң нормаларына сүйенуді білмейді
Азаматтардың құқығы мен бостандығы көбіне ақпараттық ресурстар мен заң көмегі қолжетімсіз шалғай аймақтарда бұзылады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесу барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық қорғау институттарының жұмысы туралы ақпараттандыру мәселесін арттыру қажет.
Қазіргі жағдайда құқықтық насихат пен азаматтарды құқықтық тұрғыда тәрбиелеудің маңызы арта түсті. Бұл іске сарапшыларды тарта отырып, барлық құқық қорғау институттарының әлеуетін жұмылдыру қажет. Сіздер үнемі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерулеріңіз керек. Көп жағдайда әлеуметтік шиеленіс пен масылдыққа құқықтық сауатсыздық себеп болады. Көптеген адам құқықтық тұрғыда өз мүддесін қорғауды, қолданыстағы заң нормаларына сүйенуді білмейді. Азаматтардың құқығы мен бостандығы көбіне ақпараттық ресурстар мен заң көмегі қолжетімсіз шалғай аймақтарда бұзылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.