Halyq Uni логотип
×

Құзырлы органдардан әділдік таба алмаған жұрт Президент әкімшілігіне арыздануға мәжбүр - Тоқаев

Конституциялық сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарады

 Динара Амантай 29.08.2023 | 14:39
Құзырлы органдардан әділдік таба алмаған жұрт Президент әкімшілігіне арыздануға мәжбүр - Тоқаев
Фото: t.me/aqorda_resmi

Конституция күні қарсаңында президент арнаулы мандатқа ие омбудсмендермен және құқық қорғау құрылымдарының өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізілген ауқымды конституциялық реформалардың нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекетті басқару моделін жаңғыртуға негіз болды. Конституциялық реформа барысында құқық қорғау саласына баса мән берілді.

Конституциялық сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарады. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылды. Президент азаматтардың Конституциялық сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алғанын атап өтті. Бұрын мұндай құқыққа билік институттары ғана ие болған еді.

Мемлекет басшысы азаматтардың омбудсмендермен қарым-қатынасы жандана түскеніне назар аударды. Өтініштердің саны 2 есе артқан.

Президент адам құқықтарын қорғау жүйесі өкілдеріне бірқатар міндет жүктеді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары және құқық қорғау құрылымдары алдын алу шараларына баса мән беруі керек.

Барлық түйткілді бағыттар бойынша проактивті түрде жұмыс жүргізу қажет. Азаматтардың құқығының бұзылуына жол бермеу және алдын ала болжау тетігін жетілдіру керек. Көп жағдайда бұл міндеттің табысты орындалуы азаматтық қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасауға байланысты. Құқық қорғау институттары өз төңірегіне сарапшыларды, үкіметтік емес ұйымдардың мамандарын шоғырландыруға тиіс. Сіздер мен құқық қорғау қауымдастығы арасында ашық диалог дамуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сот және құқық қорғау органдарының жұмысы туралы айта келіп, жұрт құзырлы органдардан әділдік таба алмаған соң Президент әкімшілігіне арыздануға мәжбүр екенін айтты. Президент омбудсмендер мен арнаулы мандатқа ие уәкілдер азаматтардың арыз-шағымдарына байланысты шешім шығаруға тікелей араласуға тиіс екенін атап өтті. Ал мемлекеттік органдарға бұл мәселе бойынша оларға толық қолдау көрсетуді тапсырды.  

Жиында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Светлана Жақыпова, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов  сөз сөйледі. 

Сонымен қатар іс-шараға мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова, Бас прокурор Берік Асылов қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама