Алматыда Түркияның қатысуымен фармацевтикалық зауыт салынады

Халық үні

Қазақстан мен Түркия Денсаулық сақтау саласында екі келісімге қол қойды

Фото: ОКҚ баспасөз қызметІ

Алматыда түрік тарапының қатысуымен фармацевтикалық препараттар шығаратын зауыт салынады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Гинияттың түрік әріптесі Фахреттин Коджамен кездесуі кезінде белгілі болды деп хабарлады ОКҚ баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анкараға мемлекеттік сапары аясында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өзінің түрік әріптесі Фахреттин Коджамен кездесу өткізді.  Кездесу басында ҚР ДСМ басшысы Түркияның денсаулық сақтау министріне 2020 жылы COVID-19-бен күресу үшін пандемия кезеңінде  көрсетілген ынтымақтастық пен гуманитарлық көмек үшін алғысын білдірді.

Біз денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан – Түркия ынтымақтастығына ерекше мән береміз. Пандемия елдермен өзара әрекеттесу және бір-біріне өзара қолдау қажеттілігін көрсетті. Бұл жағдайлар елдердің коронавирустық инфекциямен күресте біртұтас майданға шығуға дайындығын тексеру болды. Коронавирустың жаңа штамдарының салдары ұзақ уақыт бойы жаһандық-экономикалық және әлеуметтік дамуға әсер ететіні анық. Осы тұрғыда, вакцинация паспорттарын/сертификаттарын өзара тану бойынша атқарылған жұмыстар үшін Түркия Үкіметіне алғысымды білдіремін, – деді А.Ғиният.

Сонымен бірге, министр ЖОО мен медициналық ұйымдар базасында елдердің медициналық мамандарын даярлау және біліктілігін арттыру бөлігіндегі Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығын атап өтті.

Денсаулық сақтау саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты біз түрік компанияларының тәжірибесін Денсаулық сақтау секторында белсенді пайдаланатынымызды атап өту қажет. Біздің ынтымақтастығымыздың тамаша мысалы  –  Алматыда фармацевтикалық препараттар шығаратын зауыт салу бойынша денсаулық сақтау саласындағы екі бірлескен келісімге қол қою, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Бұған қоса, ол қол қоюға дайындалып жатқан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы Денсаулық сақтау және медицина саласындағы ынтымақтастық туралы жаңа Келісім ҚР Денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге шығаруға, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа бірлескен бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Біз денсаулық сақтау саласын дамыту және халықтың денсаулығын нығайту мақсатында ведомстволарымыз арасындағы нәтижелі диалог пен ынтымақтастыққа әрқашан дайынбыз, – деп атап өтті кездесу соңында А.Ғиният.