Мәжіліс заң жобасын мақұлдады
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қазір стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде төлеу мерзімі 90 күннен асқан 870 млрд теңге несие мен қайта құрылымдалған 936 млрд теңге несие, 156 млрд теңгені құрайтын өндіріп алынған мүлік және банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының 356 млрд теңге активі бар.
Банктер 2020 жылдан бастап стрестік активтерді азайту жөніндегі жеке жоспарларын жүзеге асырып келеді. Содан бері екі жыл ішінде 648 млрд теңгеге проблемалық қарыздар есептен шығарылған.
Бүгін Агенттік осыған қатысты мынадай заң жобасын ұсынып отыр.
Біріншіден, стрестік активтерді авторизацияланған сатып алушылардың тізіміне жеке инвесторлар қосылады. Қазіргі заң бойынша олардың қатарына екінші деңгейдегі банктер, банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдары, Проблемалық несиелер қоры, коллекторлық агенттіктер және басқа да қаржы ұйымдары кіреді.
Екіншіден, сервистік компаниялар институтын құру көзделіп отыр. Олар инвесторларға жұмыс істемейтін несиелерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсетеді.
Үшіншіден, жеке инвесторлар сатып алған қарыздарын сол сервистік компанияларға сенімгерлік басқаруға беруге міндеттеледі.
Төртіншіден, өндіріп алынған мүлік банктер мен микроқаржы ұйымдарының баланстарында ары кетсе 3 жыл ғана болады. Яғни, олар стрестік активтерді тезірек айналымға шығаруы тиіс.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қазіргі қолданыстағы бастапқы кредиторға қойылған барлық талаптар мен шектеулер инвесторға да қолданылады.
Яғни, қарыз шарты талаптарын біржақты тәртіппен өзгертуге болмайды. Екіншіден, банктер проблемалық несиені инвесторға қарыз адлушының келісімімен ғана сатады. Егер жаңа инвестор немесе сервистік компания қарыз алушының құқықтарын бұзатындай жағдай туса, агенттік қадағалау шараларын қолданады, - дейді Әбілқасымова.
Оның айтуынша, жаңа инвестордың несие алған адамның құқығын бұзғаны анықталса, онда қарыз шартын бастапқы талаптарға қайтаруы керек. Егер инвестордың кесірінен қарыз алушының борыш жүктемесі ұлғайса, оған артық төлеген қаражаты қайтарылады. Үшіншіден, сол ісі үшін инвесторға айыппұл салынады.