Қарағандыдағы балалардың улануы: жансақтау бөлімінде жатқан алты баланың біреуі қайтыс болды

Айнұр Шошаева

Балалардың неден уланғаны әлі анықталған жоқ

Фото: 24.kz

Қарағанды облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында уланған баланың бірі қайтыс болды. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni

Еске сала кетейік, 31 шілдеде Қарағанды облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 баланың уланғаны хабарланды. Бір бала қайтыс болып, арнайы комиссия құрылып, медициналық-әлеуметтік мекемедегі 12 қызметкерді белгілі бір мерзімге жұмысынан шеттету туралы шешім қабылданды.

Облыстық клиника бөлімшесіне түскен жеті баланың жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылды. Ал уланған алты  бала жансақтау бөліміне жатқызылған болатын. 

«Дәрігерлердің барлық тиісті ем шараларына қарамастан, бір науқасты құтқару мүмкін болмады. 28 тамызда 2012 жылы туған бала Көпсалалы қалалық балалар ауруханасында қайтыс болды. Бастапқыда баланың жағдайы өте ауыр болды. Терапия тактикасы республикалық мамандармен үнемі талқыланып отырды. Баланың өліміне жүрегінің тоқтауы себеп болды», - делінген басқарманың ақпаратында. 

Бүгінгі күні реанимацияда бес жатыр, дәрігерлердің мәліметінше олардың жағдайы тұрақты ауыр. 

Балалардың жаппай улану оқиғасынан кейін орталықтың 12 қызметкері жұмысынан уақытша шеттетілді.

Айта кетейік, оқиғаға бір ай уақыт болса да, арнаулы орталықтың тәрбиеленушілері неден уланғаны әлі анықталған жоқ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят балалардың тамақтан уланбағанын мәлімдеді.