Ресей арзан бидайын сата бастаса, Қазақстан не істейді?
Бүгінде Қытаймен байланыс орнатыла бастаған
Қазақстан бидай сататын дәстүрлі нарығы үшін күресуі керек. Бұл туралы «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары Самат Тенбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында журналист «Ресейде санкцияға байланысты экспорт жабылса немесе шектелсе, РФ өзінің арзан астығын Қазақстанның дәстүрлі нарығына сатуы мүмкін. Мұндай жағдайда еліміз бидайды қайда экспорттайды?» – деп сұрады. Оған «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары Самат Тенбаев жауап берді.
Ашығын айтқанда, біз соңғы 2-3 жылда Қазақстанның дәстүрлі нарығында бидай, қайта өңдеу өнімдерін өткізу бойынша бәсекелестіктің артып келе жатқанын байқап отырмыз. Бұл – Орталық Азия елдері. Ол жаққа (өнімдерді) шамамен 5 млн тоннаға дейін тиеп жатырмыз. Бәсекелестіктің күшеюіне байланысты биыл сәуірден бастап ҚХР нарығына шығу бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр, - деді Самат Тенбаев.
Оның айтуынша, мұндағы негізгі мәселе инфрақұрылымға яғни өткізу қабілетіне байланысты.
6 айда шамамен 0,5 млн тонна (өнім) жіберілді. Бұл тек «Азық-түлік корпорациясы» ғана емес, онда әлемдік нарықтың барлық қатысушысы бар. Алдағы мақсат – (өнімді) 1 млн тоннаға дейін жеткізу. Бізден олар (шамамен) 3,5 млн тоннаға дейін ала алады. Біз Орталық Азиядағы елдеріндагі дәстүрлі нарық үшін күресуіміз керек, - деп түйіндеді сөзін Самат Тенбаев.