Польшада Ресей елшісінің масқарасы шықты
Ресейлік дипломатқа жергілікті полицейлер көмектесті
Польшада белгісіз біреулер Ресейдің осы елдегі елшісі Сергей Андреевтің үсті-басына қызыл бояу шашып жіберді.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Ресейдің Польшадағы елшісі Сергей Андреев Варшавадағы Жвирки мен Вигурда көшелерінің қиылысындағы кеңес солдаттарының соғыс мемориалына гүл шоғын қоюға барғанда белгісіз біреулер масқарасын шығарды.
Мемориалдың жанында елші мен бірнеше дипломатқа наразы топ емін-еркін жүруіне қарсылық көрсетіп, жол бермеген. Сол кезде халықтың арасынан бір әйел шығып, Ресейдің Украинаға соғысын айыптап, айғай шу шығарып, үсті-басына қызыл бояу шашып жіберді. Оқиға орнына бірнеше минуттан кейін полиция қызметкерлері келіп, дипломаттарды қоршап алып, машинаға дейін жетуіне көмектескен, – делінген хабарламада.
Осыдан кейін өз-өздеріне келген елшінің өзі мен әріптестері инциденттен соншалықты зардап шекпегендерін айтты. Осы оқиғаға байланысты Ресей Сыртқы істер министрлігі Польша билігіне наразалық білдіріп, Сергей Андреевті Мәскеуге қайтарып алатынын мәлімдеді.