×

Мұғалімдердің «өз-өзін тануына» миллиондаған қаржы бөлінбек

Биылдың өзінде БҒМ Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтымен 400 млн-нан астам теңгеге келісім-шарт жасасты

 Халық үні 11.05.2022 | 11:50
Коллаж: Халық үні

Білім және ғылым министрлігі «Өзін-өзі тану» пәні міндетті пәндердің қатарынан алынып тасталса да, қазақстандық педагогтардың бұл бағыттағы біліктіліктілігін арттыру курстарына тапсырыс беруін жалғастырып отыр. Мемлекеттік сатып алу сайтына сәйкес, БҒМ осымен екінші жыл бойы қатарынан Адамның үйлесімді дамуы институтымен келісім-шарт жасап келеді. Бұл ұйым елімізде 2021 жылдың ақпан айында пайда болды. Ал, наурыз айынан бастап аталмыш институт министрліктің жеткізушісі болып келеді. Алғашқы келісім-шарт 3,5 миллион теңгеге жасалды, ол кезде 150 алматылық мұғалім оқытылды.

Биыл БҒМ Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтымен 7 шарт жасасқан. Олардың тек біреуі бойынша, техникалық ерекшеліктерге сәйкес, жеткізуші мыңға жуық бастауыш және орта сынып мұғалімдерін оқытуы керек. Бұған 307 миллион теңге бөлу қарастырылған. Мектеп директорлары мен олардың орынбасарларын рухани ағартуға тағы 26 миллион теңге бөлінген. Балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілері де назардан тыс қалмады. Олар үшін бюджеттен 70 миллионнан астам қаражат бөлінді.

Қазіргі заманғы сын-қатерлер, жаһандық өзгерістер әрбір сабақта патриотизм, руханилық, адамгершілік сияқты дағдыларды дарытуды талап етеді. «Өзін-өзі тану» дербес пән ретінде балалардың таңдауы бойынша бір сыныпта оқытылады. Адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын әр пәннің бағдарламасына біріктіру жоспарланып отыр. Қызметтерді жеткізушімен әрі қарай жұмыс істеуге қатысты, осы жағдайларға байланысты қазір олардың әрі қарайғы қызметі туралы мәселе қарастырылуда, – деп түсіндірді БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.

Еске сала кетсек, Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстан мектептерінде 11 жыл бойы оқытылатын «Өзін-өзі тану» пәні келесі оқу жылынан бастап міндетті пәннен факультативтік пәнге ауыстырылатыны туралы  мәлімдеген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама