Қостанай облысында көбік кешінде 9 жасар қызды ток соқты
Полицейлер қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр
Қостанай облысындағы Ұзынкөл ауылында көбік кеші кезінде 9 жасар қызды электр тогы соққан. Жеткіншек ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
ПД-нің мәліметінше, оқиға 25 тамызда Ұзынкөл ауылында жастар күніне арналған көбік кешінде болған. Кеште 9 жасар қыз электр тоғы соққан.
Кезекшілікте болған дәрігерлер қызға оқиға орнында алғашқы шұғыл медициналық көмек көрсетті. Қыз аудандық ауруханаға жатқызылды. Аталған факті бойынша полицейлер Қылмыстық кодекстің 306 бабы 2-бөлігі «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деп хабардар етті департаменттен.
Полицейлер қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалғанын атап өтті.