Halyq Uni логотип
×

Қостанайда ТЖД-ның 15 қызметкеріне сот үкімі шықты

Екі сотталушының кінәсі дәлелденбеген соң олар ақталып шыққан

 Халық үні 26.08.2023 | 22:35
Қостанайда ТЖД-ның 15 қызметкеріне сот үкімі шықты
ашық дереккөзден

Қостанайда жемқорлыққа қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің 15 қызметкері сотталды. Бұл туралы "ТоболИнфо" агенттігі хабарлады.

Аймақтық басылымның хабарлауынша, айыпталушылардың қатарында кадр бөлімінің басшысы Бауыржан Әлімбаев та бар, оған пара алу және алаяқтық бойынша айып тағылған. Ал Науырзым, Әулиекөл, Ұзынкөл ауданы мен Арқалық қаласының өрт сөндірушілеріне пара алды деген айып тағылды.

«Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Әлімбаев әріптестеріне басқа бөлімдерге ауысуға немесе қайта аттестациядан өтуге көмектесуге уәде берген. Бірақ ол үшін ақы сұраған. Бұл ретте жауапкер қызметкерді ауыстыру туралы шешімді жоғары тұрған басшылық шешетінін, ал аттестацияны жалпы комиссия қабылдап, қорытынды шығаратынын алдын ала білген. Сондықтан ол адамдарға көмектесе алмайтынын түсінген», - деп жазылған іс материалдарында.

Параның жалпы сомасы іс материалдарында көрсетілгендей, жарты миллионнан астам теңгені құрады.

Сот Әлімбаевты алаяқтық (бір эпизод бойынша ақталды) және пара алу бойынша кінәлі деп танып, оны мемлекеттік қызметте жоғары лауазымдарда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салды. Сондай-ақ ол азаматтық қорғау подполковнигі атағынан айырылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Ал қалған 12 өрт сөндірушіге айыппұл салынып, олар барлық дәрежесінен айырылған. Сотталғандар 1 миллионнан 7 млн теңгеге дейін айыппұл төлеуге міндеттелді.

Бұл ретте екі сотталушының кінәсі дәлелденбеген соң олар ақталып шыққан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама