Азия ойындарында бокстан ел намысын кімдер қорғайтыны белгілі болды

Халық үні

Аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев рингке шығады

фото: ашық дереккөзден

Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтетін Азия ойындарында бокстан ерлер арасында ел намысын қорғайтын боксшыларымыздың есімі белгілі болды. 

Бас бапкер Мырзағали Айтжанов Қытай елінде өтетін Сарықұрлық додасына кіл мықты шәкірттерін алып бармақ.

ҚР Бокс федерациясы таратқан мәліметке сүйенсек, Азия ойындарына боксшыларды іріктеу Ташкентте өткен әлем чемпионаты мен Астана-2023 халықаралық Elorda Cup турнирінің қорытындысы бойынша сараланған.

Атап айтсақ, Ханчжоу қаласында 51келі салмақта Сәкен Бибосынов, 57 келі салмақта Махмұд Сабырхан ел намысын қорғамақ. Ал 63,5 келіде Ертуған Зейнуллинов, 71 келі салмақта команда капитаны Асланбек Шымбергенов шаршы алаңға шықпақ.

80 келі салмақта Нұрбек Оралбай сынға түссе, 92 келі де Сағындық Тоғамбайға үміт артамыз. Ал аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев рингке шығады.

Айта кетейік, Азия ойындарында Қазақстанның туын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Надежда Дубовицкая көтеріп шығады.

Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді. 40 спорт түрінен медальдар жиынтығы сарапқа салынады.