Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

Дәурен Ерболат

Инфляция қарқыны баяулайды

Фото: Ұлттық банк

Былтыр желтоқсанда 16,75% деңгейінде бекітілген базалық мөлшерлеме араға 9 ай салып, жылдық 16,5%-ға түсті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сыртқы ортада инфляциялық қысым біртіндеп әлсіреп келеді. Көптеген елде орталық банктердің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету саясаты нәтиже беріп, инфляция баяулай бастады. Алайда инфляцияның орнықты болып қалу себебінен мөлшерлемені төмендету мерзімі дамыған елдерде кейінге қалды, - деді төраға.

Оның айтуынша, Қазақстанда проинфляциялық қысым сақталады.

«Себебі, ел ішінде сұраныс тұрақты әрі мемлекеттің шығыстары да бар. Оған қоса, елде тұрғын үй-коммуналдық қызметінің тарифтері мен жанар-жағармай бағасы өсті. Осыған байланысты халықтың инфляциялық күтулері әлі жоғары деңгейде қалып отыр. Бұның бәрі – ішкі факторлар. Сондай-ақ сыртқы факторларға тоқталайын. Көптеген елдің орталық банктері қатаң ақша-несие саясатын ұстанып келеді»,  - деді Ғалымжан Пірматов.

Төраға орталық банктер бағаның өсуіне жол бермеуді көздейтінін жеткізді. Олар бағаның тұрақты болғанын қалайды.

Рас, бұл саясаттың нәтижесінде инфляция баяулайды. Әлемнің азық-түлік нарығында бағалар төмендеп, логистика шығындары да азая бермек. Демек, сыртқы инфляциялық қысым біртіндеп әлсірей береді деген сөз, - деді ол.

Ғалымжан Пірматов инфляциялық болжамға тоқталды.

Ұлттық банктің болжамынша, биыл жылдық инфляция 10-12% шегінде, 2024 жылы 7,5-9,5%, ал 2025 жылы 5,5-7,5% шегінде қалыптасады. ЖІӨ өсімі 4,2-5,2% аралығында болады, - деп түйіндеді сөзін Ұлттық банк төрағасы.