Биыл «Ұлы дала жорығы» республикалық марафоны 1300 шақырымға созылады
«JORYQ» республикалық ат спорты федерациясы қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей биыл екінші рет өтетін «Ұлы дала жорығы – 2023» жобасының маңызы туралы айтты.
Марафон 6 қыркүйекте Ақмола облысының Қаражар ауылында басталып, 14 күнге созылады, ол үшін қатысушылар еліміздің 5 өңірі – Ақмола облысы, Қарағанды облысы, Ұлытау облысы, Қызылорда және Түркістан облыстары арқылы 1300 км қашықтықты жүріп өтеді. Түркістан қаласында марафон аяқталады. Жалпы, шабандоздар 12 аудан мен 52 елді мекенді аралайды. Марафонға қатысу үшін халықаралық судьялар мен жоғары білікті ветеринарлар шақырылған.
Елде жоқ жобаны ұйымдастыруға кіріспес бұрын былтыр жазда аңыз баба Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басына зиярат етіп қайтып едік. Үш күнде 330 шақырымды атпен жүріп, күніне 100 шақырымды еңсеру мүмкін екенін дәлелдедік. Сол сапардан келе сала, алғашқы «Ұлы дала жорығын» өткізу қамына кірістік.
Алғашқы жорыққа қатысқан 95 шабандоздың 26-сы мәреге жетті. Бұл жеңіс – шабандоздардың ғана емес, Ұлы дала көшпенділері ұрпағының жеңісі болатын! Осылайша, бұл дода Мемлекет басшысы айтпақшы, нағыз азаматтар мен қазанаттардың сайысына айналды, - деп жазды Әлібек Әлденей.
Биыл «Ұлы дала жорығы» екінші рет өтеді. Былтыр өткен жарыста Маңғыстау облысының құрама командасы бәйге марафонының жеңімпазы атанды, Жетісу облысының спортшылары ІІ орынды, Түркістан облысының құрамасы ІІІ орынды иеленді.
«Қазақтың жеңімпаз рухы аттың жалына байланған деген сөз рас. Кешегі советтік жүйе халқымызды ұлттық өзегінен ажыратуға қанша ұмтылса да, Жылқының киесімен бірге Қазақтың рухы оянатынын көзіміз көрді!
Бұл – қатардағы көп атжарыстың бірі емес. «Ұлы дала жорығы» – алты аймақтың жерін басып өтіп, Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Оқшы ата, Бытығай, Укаша ата, Ясауи кесенелері сияқты тарихи ескерткіштерге арнайы соғып, 14 күн бойы тоқтаусыз жүріп өтіп, кешегі «алты күншілік жерді атпен жүріп өткен» бабаларымыздың рухын жаңғырту! Одан бөлек, қазақтың бай табиғи ландшафты мен мәдени-тарихи ескерткіштеріне назар аудартып, материалдық мәдени мұрамызды сақтауға шақыру, туристік инфрақұрылымды дамытуға себепші болу.
Ендеше, 5-19 қыркүйек аралығында өтетін марафонның жолын тосыңыз, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден тарайтын хабарларға құлақ түріңіз!», - деп жазды федерация басшысы.
Былтыр бірінші рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» туралы түсірілген бейнефильм.
Тұңғыш марафон тарихқа айналды, енді екінші жорыққа шығуға дайынбыз! – деп жазды Әлібек Әлденей.
Еске салайық, «Ұлы дала жорығы» республикалық марафоны «JORYQ» ат спорты федерациясы, Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт қауымдастығы және Amanat партиясының қолдауымен өткізіледі.