Мемлекет басшысының Анкараға екі күндік сапары басталды
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркияға мемлекеттік сапармен барды.
Түркия астанасы «Есенбоға» халықаралық әуежайында Қазақстан президентін Түркияның вице-президенті Фуат Октай, Анкара губернаторы Васип Шахин және басқа да бірқатар ресми тұлғалар күтіп алды.
Мемлекет басшысы Анкарадағы екі күндік сапары барысында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, түркиялық ірі бизнес өкілдерімен өтетін бизнес форумға қатысуы жоспарланған.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайдан Түркияның вице-президенті Фуат Октай қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға мемлекеттік сапары Түркияның негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етуден басталды.
Анытқабір кесенесін аралап көрген Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев тамырлас түрік жұртына зор құрметін білдіріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы достықтың мәңгі болуын, екі ел ынтымақтастығының арта беруін және бауырлас түрік халқына бақ-береке тіледі.
Гүл шоғын қою салтанатты рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясының мүшелері де қатысты.