×

Министрлік газбен жүретін көліктерге қатысты мәлімдеме жасады

Осындай көліктердің көбеюінен адам өлімі мен материалдық залалға әкеп соқтыратын түрлі ТЖ-ның туындау қаупі бірнеше есе артқан

 Динара Амантай 24.08.2023 | 12:26
Коллаж: ТЖМ баспасөз қызметі

Газ баллон жабдықтарымен жарақтандырылған көлік құралдарын пайдалану және тұрақ саласындағы заңнама нормаларының сақталуын бақылау мақсатында профилактикалық іс-шара өтеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде соңғы жылдары газ баллон жабдықтарымен жұмыс істейтін автокөліктердің саны едәуір өскен. Осыған байланысты адам өлімі мен материалдық залалға әкеп соқтыратын түрлі төтенше жағдайлардың туындау қаупі бірнеше есе артты. Әсіресе жабық автотұрақтарда (тұрғын және қоғамдық ғимараттарға кіріктірілген және жапсарлас орналасқан) және сауда орындарының паркингтерінде газ баллонымен жабдықталған автокөліктердің өртенуі қауіпті.

Бұл ретте, мұндай өрттердің негізгі себептері – газ баллон жабдығын қолдан жасау тәсілімен орнату, технологиялық процесті бұза отырып, жұмысты біліктілігі жоқ мамандардың жүргізуі, сондай-ақ тиісті қызмет көрсетудің болмауы.

Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес, өзге мақсаттағы кіріктірілген және оларға жапсарлас салынған ғимараттарда газ баллонды жабдықпен жарақтандырылған, сондай-ақ жер деңгейінен төмен орналасқан автотұрақтар, жабық үлгідегі үй-жайлар мен паркингтерде автомобильдердің тұрағына жол берілмейді.

Осыған байланысты, газ баллон жабдықтарымен жарақтандырылған көлік құралдарын пайдалану және тұрақ саласындағы заңнама нормаларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында бүгіннен бастап 26 тамызға дейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, «ГАЗБАЛЛОН» профилактикалық іс-шарасын өткізеді, – делінген хабарламада.

Мүдделі мемлекеттік органдарды, ұйымдарды (жергілікті атқарушы органдарды, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палаталарын, волонтерлерді) және жұртшылықты тарта отырып, газ баллонды жабдықпен жарақтандырылған көлік құралдарын пайдалану және тұрақ жөніндегі заңнама талаптарының сақталуы тексерілетін болады.

Сондай-ақ ведомство өкілдері газ баллонды жабдықпен жарақтандырылған көлік құралдарын пайдалану және тұрақ саласындағы бұзушылықтардың барлық фактілері туралы «101» және «112» диспетчерлік қызметінің пультіне хабарлау қажеттігін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама