Бұл жұмысты 20 қыркүйекте аяқтау жоспарланған
Алматыда жапырақ жейтін зиянкестер мен зең аурулары қоздырғыштарына қарсы биологиялық өңдеудің төртінші кезеңі басталды, деп хабарлады қала әкімдігі.
Алдыңғы үш кезең биыл сәуірден тамызға дейін жүргізілген болатын.
Ағаштардың тұрақты жағдайын жақсарту, сақтау және олардың әртүрлі зиянды организмдерге төзімділігін арттыру үшін төртінші кезең аясында биоөңдеумен 2,3 миллионнан астам ағашты қамту жоспарланып отыр. Зиянкестер биологиясының ерекшеліктерін ескере отырып, өңдеу түнде және таңертең ерте жүргізіледі, - делінген хабарламада.
Әкімдік Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат етілген, қауіптілігі төмен сертификатталған биологиялық және кейбір жағдайларда химиялық препараттарды пайдаланатынын атап өтті. Олардың адамдарға, құстар мен жануарларға еш зияны жоқ.
Ауа райы қолайлы болған жағдайда төртінші кезеңді 20 қыркүйекте аяқтау жоспарланған.