ІІМ мен ҰҚК Астана мен Қарағандыда арнайы операция жүргізді
Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде
23 тамызда ІІМ Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен Астана және Қарағанды қалаларының аумағында қылмыстық топты құрықтау бойынша кең ауқымды арнайы операция жүргізген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Топ мүшелерінің тау-кен өндіруші компаниялардың бірінің тауарлық-материалдық құндылықтарын ұрлауға, есірткі мен атыс қаруын сақтауға, сондай-ақ 2022 жылы қылмыстық текетірес кезінде Қарағанды тұрғынын өлтіруге оқталу фактісіне қатысы бар екені анықталды, - делінген хабарламада.
ІІМ мәлімтенше, арнайы операция кезінде осы қастандықты жасамақ болған топтың «киллері» болуы мүмкін адам көрші мемлекеттің аумағында ұсталған.
70 тінту іс-шарасы өткізілді, соның нәтижесінде тоғыз қару, 400-ге жуық оқ-дәрі, пышақтар, радиостанциялар, ірі көлемде ақша және басқа да заттай дәлелдемелер табылып, тәркіленді. Полицияға 28 адам жеткізілді, оның ішінде топтың 12 белсенді мүшесі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, тиісті сараптамалар тағайындалды, – дейді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.