Жамбыл облысындағы төтенше жағдай: шаруалардың шығыны есептеліп жатыр

Дәурен Ерболат

7,8 гектар жерге егін шықпай қалған

Фото: АШМ баспасөз қызметі

Жамбыл облысында құрғашылықтан зардап шеккен шаруалардың шығыны есептеліп жатыр. Бұл туралы АШМ өңірлерде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және кооперация басқармасының басшысы Олжас Тілебалдин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жамбыл облысындағы құрғақшылықтан және Қырғызстаннан келетін су көлемінің аз болуына байланысты 350-ге жуық шаруа зардап шекті. 7,8 мың гектар жерге егін шықпай қалды. Онда жүгері және қант қызылшасы өсірілген, - деді басшы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Бүгінде Жамбыл облысының әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, шығынды есептеп жатыр.

Қазір шаруалардың шығындарын және мемлекет алдындағы бұрынғы берешегін өтеп беру, несиесін одан әрі ұзарту және субсидияны тезірек төлеу үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе премьер-министрдің назарында. Жұмыс күздің соңына дейін аяқталады, - деді Олжас Тілебалдин.

АШМ баспасөз қызметінің мәліметінше, шығынды есептеу мен субсидияны беруге жергілікті билік жауапты.

Еске сала кетсек, кеше Жамбыл облысындағы 6 ауданда төтенше жағдай жарияланған еді.