Петропавл зауытында Қытай мамандарының көмегімен дрон жасала бастады
Зауыт өкілдері Қытаймен бірге шығарған аппараттарды кейін толығымен өз қолымен жасамақ
Петропавл ауыр машина жасау зауытында (ПЗТМ) ұшқышсыз ұшу аппараттарының өндірісі іске қосылды. Онда Қытай Халық Республикасының серіктестерімен бірге жаңа буын дрондарының 6 моделі шығарылды.
Айта кетейік, бұл жоба Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің ҚХР-ға сапарынан кейін іске қосылған. Онда ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған-ды.
Біз алғашқы үлгілерді қытайлық серіктестерімізбен бірге шығардық. Жақын арада одан да жетілдірілген модельдер шығаруды жоспарлап отырмыз. Жоспарлар мен сызбаларда авиациялық керосинмен де, аккумулятормен де ұшатын ұшқышсыз ұшу аппараттарының 27 түрі бар, - деді «ПЗТМ» АҚ бас директоры Арман Құлмағамбетов.
Оның айтуынша, зауыт Қытаймен бірге аппараттар шығарып, содан кейін өндірісті толығымен өз қолымен жасауды жоспарлап отыр.
Компоненттер қазірдің өзінде өндіріліп жатыр және ПЗТМ-де, ал ми деп аталатындар Қытайда шығарылады. Бірақ содан кейін тақталар да, чиптер де Киров атындағы Петропавл зауытында жасалады деп жоспарланып жатыр. Бұл мәселе қазірдің өзінде пысықталуда. Сонда бізде толығымен жергілікті өндіріс болады. Айтпақшы, дрондарды басқару орталығы бар командалық пункт толығымен зауытта жасалды, - деді Арман Құлмағамбетов.
Жақын арада қытайлық серіктестер зауытқа өндіріс желісін береді. Сонымен қатар Қытайға 9 жас маман дрон құрастыруды үйренуге барады. Оқу 3 айға созылады. Дрондар өндірісінде Петропавл ауыр машина жасау зауытының 40 инженері мен конструкторы жұмыс істейтін болады.