Бір әулеттің 11 адамы суға батып кетті
Түркістан облысында суға кеткен 11-ші адамның мәйіті табылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 14:56-да Сырдария өзенінен 21 тамызда суға батқан қыздың денесі табылған. Ол күні барлығы 11 адам суға батып кеткен, оның ішінде 8-і – кәмелет жасқа толмағандар.
Еске сала кетсек, бұған дейін 21 тамызда сағат 17:40-та Түркістан облысының Отырар ауданында, Көксарай ауылынан 3 шақырым жердегі Сырдария өзенінде шомылуға рұқсат етілмеген жерде шомылу кезінде 11 адамның суға батып кеткенін хабарлаған болатынбыз.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, бір әулеттің мүшелері тойдан кейін демалуға тоқтаған. Ешкімнің суға түсу туралы ойы болмаған, яғни арнайы суға түсу үшін тоқтамаған. Жаға тайғақ болған соң біреуінің аяғы тайып кеткен. Артынша басқалары оны құтқаруға ұмтылған. Бұл туралы куәгерлер қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі 11 адамынан айырылған әулетке көңіл айтып барған болатын.